Ғабит Сыздықбеков: Жеңістің құндылығын ешқашан ұмытпаймыз

Oinet.kz 09-05-2024 484

 14.jpg

Бүгін 9 мамыр - Жеңіс күні. Бұл жеңіс күні оңай келген жоқ. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыс халқымыз үшін ең қасіретті кезең болып тарихта қалады. Отанын қорғап аждаһаның аузынан қайтқан ата-апаларымыздың теңдессіз ерлігі, отаншылдық нәріне суарылған биік парасаты, асқақ адами болмысы бізге мәңгілік өнеге, өмірлік мектеп, ізгілік пен адамгершілік этолоны болып қала береді.

Жылдар жылжып, сол сұрапыл кезеңнен алыстаған сайын, бейбіт күн сыйлаған соғыс ардагерлеріне деген құрметіміздің еселене түсері анық. Өйткені, зымыраған уақытпен бірге аңызға айналып бара жатқан соғыстың ақиқатын айтатын ардагерлерімздің де қатары тым сиреп барады.

Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шымкенттіктер де Жеңіс күнін атап өту үшін «Даңқ мемориалына» жиналды. Қаза болған қаһармандардың рухына тағзым етіп, есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада батыр бабалардың қайсарлығы мен батылдығы дәріптелді.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың соғыс және тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтау хатын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков оқып берді. Ал қалада алапат соғысқа қатысқандардан 2 ардагер бар. Олардың бірі - Нина Егоровна Мосунова. 100 жастағы майдангер әжей соғыс кезінде радист болған. Ал екінші майдангер Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалалары үшін шайқасқан- Мұраталы Төлепберген ақсақал. Ол қан майдан шебінде жан аямай, ерлік көрсеткені үшін «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» ордендерімен марапатталған.

 «Бүгін біз бейбіт аспан астындағы бүгінгідей мамыражай өмір сыйлаған батырларға құрмет көрсетеміз. Біз Жеңістің құндылығын ешқашан ұмытпаймыз »- деді құттықтауында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Өз кезегінде майдангерлер көрсетілген құрметке шексіз алғыстарын білдіріп, баталарын берді.


Шымкент: Тазалау жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде
Шымкент: Майдангерлерге пәтер кілті табыс етілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу