Қытай инвесторлары Шымкентте мұнай-химия өнеркәсібін дамытпақ

Oinet.kz 15-05-2024 441

 old-image-75516-1024x662.jpg

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков Қытайдың «Beijing Hongfu Group» өнеркәсіптік холдингінің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. 

Кездесу барысында Қытайдан келген инвесторлар қаламызда қайталама мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы каталитикалық крекинг қондырғысы бар ине кокс өндіретін жоғары технологиялық зауыт салуға ниет білдірді. Ұсынылып отырған тікелей инвестицияның жалпы көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларын құрайды.

Айта кетерлігі, инвестициялық жобаны жүзеге асыру 200 жаңа жұмыс орнын ашуға және қаламыздың түлектерін тиісті саласы бойынша жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдегі мұнай-химия өнімдерін терең өңдеудің өнеркәсіптік құрылымын жақсартуға бағытталып отыр.

Кездесу барысында қала әкімі қытайлық компанияға қаламызға ықылас танытқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, бірлескен жобаны жүзеге асыру барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Айта кетейік, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы тауарайналым 291,7 млн АҚШ долларын құрады. Қазір қала аумағында қытайлық инвесторлардың қатысуымен 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар, 60 миллион АҚШ долларын құрайтын тағы бір инвестициялық жоба қолға алынуда. «Жұлдыз» индустриялық аймағында «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-нің керамикалық тақташалар өндіретін зауыты 350 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.

Сәуірде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасының Чанджи-Хуэй автономды округ губернаторының орынбасары Су Сяоли ханым бастаған делегация өкілдерімен кездескен боатын. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, өзара сауда-экономикалық байланыс, әлеуетті инвестициялық жобалар талқыланды.
Екі жақты қарым-қатынастарды нығайту мақсатындағы кешенді шаралар «KIT» бизнес қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен форуммен жалғасты. B2B форматындағы жиында жергілікті кәсіпкерлер тамақ өнімдері мен полиэфир материалдарын өндіретін жеңіл өнеркәсіп бағытындағы қытайлық компаниялардың өкілдерімен ақпарат алмасты. Бизнес өкілдеріне тауарларын шет елге экспорттау, басқа да серіктес компаниялармен қарым-қатынас орнату мүмкіндіктері ұсынылды.


Шымкент: Мобильді интернет сапасы жақсарады
Шымкентке 1 миллион гүл егіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу