Шымкент: Олимпиада жолдамалары саны 11-ге жетті

Oinet.kz 04-05-2024 390

3.jpg 

Шымкент қаласында жалпы 33 спорттық ұйым жұмыс істейді. Аталған мекемелерде спорттың 74 түрі дамыған. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деді.

Қазіргі таңда, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасында 109 кәсіпкер біліктілік іріктеуден өтіп, спорттың 17 түрінен 195 секцияда 12 024 бала спортпен айналысуда.  Осы жоба аясында 328 жаттықтырушы және 195 жуық басқа да қызметкерлер жалпы саны 523 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Қаламызда №12 спорт мектебінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарлануда. Оған қоса №15 спорт мекептің спорт нысанының құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталды. Құрылысына бюджеттен 1,8 млрд теңге қаралған.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында бой көтерген «ЕЛАМАН» спорт кешенін пайдалануға берілу жоспарлануда. Аталған спорт кешенінде спорттың ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт зал және 1 бассейн орналасқан. Оған қосымша «SPORT LIFE» кіші футбол орталығының құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

--Жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2024 жылдың 4 айдағы жеткен нәтижелер туралы айтар болсақ, қала спортшылары спорттың бірнеше түрінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 254 алтын, 195 күміс, 249 қола медаль еншілеген. Бүгінде қоржынымызда жалпы саны 698 медаль бар. Мәселен, Азия чемпионаттарында жалпы саны 27 медалға қол жеткізілді. Оның 10 алтын, 9 күміс және 8 қола медаль. Ал әлем чемпионаттары мен кубоктарында біздің спортшыларымыз,  3 алтын, 2 күміс, 4 қола медальға ие болып, жалпы саны 9 медалды қанжығасына байлады,--деді басқарма басшысы.

Биылдың үш айындағы  қорытынды бойынша: 1 ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, 6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 79 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына шымкенттік 11 спортшымыз жолдама жеңіп алды.

Атап айтқанда: Нысана көздеуден Никита Чирюкин;

Бокстан Сабырхан Махмуд;

Таеквондодан Абабакиров Самирхон;

Семсерлесуден Алимжанов Эльмир мен Сертай Ерлік;

Стенд атудан Мария Дмитриенко;

Байдарка және каноэ есуден Сергей Емельянов, Руфина Искакова, Сергей Токарницкий;

Грек-рим күресінен Әлімхан Сыздықов;

Көркем гимнастикадан Эльжана Таниева.

Алдағы уақытта грек-рим күресі, стенд ату және нысана көздеу спорт түрлерінен Олимпиада ойындарына 3 жолдама жеңіп алу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта, Олимпиада Ойындарына үміткер спортшылар тізімдері жасақталып, Олимпиадаға дейінгі қатысатын рейтингтік және лицензиялық жарыстары бекітіліп, спортшыларымыз қызу дайындық үстінде.


«Өнегелі ұрпақ»: «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар»
Жедел кеңесте кодекске енгізілген өзгерістер түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу